«Тау-Кен Самұрық» халықаралық ынтымақтастық географиясын кеңейтуде

​«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және Ngali Holdings Ltd компаниясы Руандадағы сирек және сирек жер металдары кен орнын бірлесіп игеруді көздейтін Негізгі шарттар туралы келісімге (Term Sheet) қол қойды. Құжатқа «Тау-Кен Самұрық» басқарма төрағасы Нариман Әбсәметов пен Ngali Holdings Ltd басшысы Жозеф Бутера қол қойды.

​Қол қою рәсімі «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бастап барған делегацияның Руанда Республикасына жұмыс сапары аясында өтті.

​Ел астанасы Кигалиде Руанда Президенті Поль Кагаме «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерін қабылдады.

​Сондай-ақ сапар барысында Руанданың даму институттары мен инвестициялық компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, Rwanda Development Board басқарма төрағасы Жан-Ги Африкамен, Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board басқарма төрағасы Алиса Увасемен және Ngali Holdings Ltd басшысы Жозеф Бутерамен кездесулер өтті.

​Келіссөздер барысында тараптар тау-кен өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективаларын және геологиялық барлау саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.