«Tau-Ken Temir» ЖШС қызметкерлері армрестлингтен әлем чемпиондары атанды

Ағымдағы жылдың қазан айында Малазияның астанасы Куала-Лумпур қаласында армрестлингтен (қол күрестіру) әлем чемпионаты өтті. Бұл Армрестлингтің дүниежүзілік федерациясының (World Armwrestling Federation) қолдауымен өтетін, есебі бойынша 37-ші рет ұйымдастырылған әлем чемпионаты. Аталмыш жарысқа алтын алқа иегері атану мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен ең күшті деген армрестшілер жиналған болатын. Чемпионатта барлығы 48 елден 800-ден астам спортшы күш сынасып, бағын сынап көрді. Әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша «Тау-Кен Самұрық» АҚ еншілес компаниясы «Tau-Ken Temir» ЖШС қызметкерлері – Алижан Мұратов (80 келіге дейінгі салмақта) пен Еркін Әлімжанов (80 келіден астам салмақта) әлем чемпиондары атанды.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың қыркүйек айында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасында өткен СпартакиададаСпартакиадада жоғарыда аталып өткен қызметкерлер армрестлинг жарысында ең үздік көрсеткіштердің біріне ие болған еді. Сол кездің өзінде Алижан Мұратов өз салмақ дәрежесінде бірінші, ал Еркін Әлімжанов екінші орындарды жеңіп алғантұғын. Бұл жеңіс қос қызметкерді де жаңа белестерді бағындыруға шабыт беріп, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік тудырған.

feae31b580a162dff0b89b5edf461221.jpg

Әлемдік жарыста екі чемпион Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, еліміздің жалпы әлемдік чемпионатта басқа елдер арасында екінші орынды иеленуіне өз үлестерін қосты. Бірінші орын Ресейге, ал үшінші орын Грузия еліне бұйырды. Елге жеңіспен оралған жеңімпаздардың айтуынша, «алтынға» талас оңай болмаған, дегенмен, бұл тер төгу – әлемдік аренада Қазақстанымыздың әнұранының шырқалып, туының биікке көтерілуіне берілген жетпес баға!

506ced6282d939367fe869ea822fff45.jpg