«24.kz»: Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орны қайта жаңғырды

Шалқия кеніші 1952 жылы ашылды. Сол уақытта мамандар бұл жерде руданың мол қоры барын анықтаған. Яғни Қазақстан аумағындағы мырыштың 30%-ы Сырдың қойнауында жатыр деуге негіз бар. Содан бері Жаңақорған жерінен мырыш та, қорғасын да өндірілді. Кеңес дәуірінің дүрілдеп тұрған кезінде тонналаған руда Кентаудағы кен байыту фабрикасына жөнелтілді. Бірақ тоқырау жылдары алып өндірістен маза кетіп, жекенің меншігіне айналған.

Талғат Оразғалиев, кен жұмыстарының басшысы:

– Шалқия кен орнында 129 млн тонна руда есептеледі. Соның жылына 4 млн тоннасын игерсек, сонда осы өндіріс орны 32 жыл жұмыс істейді.

Табиғи байлықты ел игілігіне жарату үшін өткен жылы кен орны толықтай ұлттық компанияның еншісіне берілді. Сол сәттен бастап кен орнын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп кетті. Бүгінде кеншілер пайдалы қазбаға апаратын жолды жөндеп жатыр. Шахта оқпанында бұрынғыдай теміржол тасымалы емес, заманауи алып техникалардың еркін қозғалуына жағдай жасалуда. Шахтаның тереңдігі 620 метрге дейін жетеді. Біз қазір 163-нүктеде тұрмыз. Бұл жерде жару және бұрғылау жұмыстарынан кейінгі мынадай кесек-кесек қара тасты алып техникаларға тиеу арқылы жер бетіне шығару жұмыстары жүріп жатыр. 2017 жылдың соңына дейін бұл маңнан заманауи кен байыту фабрикасын іске қосу көзделуде. Шалқияның шалқар шағын оралту үшін тартылатын инвестиция көлемі – 467 млн АҚШ доллары.

Болат Рамазанов, «Шалқия-цинк» АҚ басқарма төрағасы:

– Комбинат жылына 2 млн тонна кен өңдеп шығаратын болады. Ал толықтай жоспарлы өндірістік қуатына кіріскен кезде, 4 млн тонна кен шығарады. Қазір кен орнында 280 адам жұмыс істеп жатыр, ал жоба толық жүзеге асқан кезде, 1 мың 500 жұмысшы еңбекпен қамтылатын болады.

Өңір өндірісін жаңа белеске көтеретін мұнан өзге де кешенді жоспарлар бар. Соның бірі – Қызылорда қаласында қуаттылығы 162 мың тонналық ферроқорытпа зауытының құрылысын бастау.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/ekonomika/item/67122-ha-yrdy