«Тау-Кен Самұрық» Жосыбай кен орнындағы алтынның минералдық ресурстарын 68%-ға арттырды

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы Жосыбай учаскесіндегі 2025 жылғы геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша алтынның минералдық ресурстарының өсімін 8,2 тоннаға дейін қамтамасыз етті. Нәтижелер жобаның жоғары әлеуетін және жүргізіліп жатқан бұрғылау бағдарламасының тиімділігін растайды.

Өндіріп алынатын минералдық ресурстардың жиынтық көлемі 8 182,2 кг алтынды құрады, бұл бұған дейін Мемлекеттік теңгерімде есепке алынған ресурстар көлемінен (4 862,2 кг) 68%-ға артық.

Жүргізілген жұмыстар ресурстардың санатын (геологиялық зерттелу деңгейі мен бағалаудың сенімділігін) арттыруға да мүмкіндік берді: 786,7 кг алтын Indicated (бағаланған) санатынан Measured (барланған) санатына ауыстырылды; Indicated санатындағы ресурстардың өсімі 1 338 кг-ды (+30%) құрады; Inferred (болжамды) санатындағы ресурстар 481,5 кг-нан 1 676,8 кг-ға дейін (+248%) ұлғайды.

Осы кезеңде көлемі 7 340 қ. метр іздеу-бағалау бұрғылауы орындалды, кен орнының жаңартылған үшөлшемді блоктық моделі құрылды. 2026 жылға арналған бұрғылаудың жоспарлы көлемі 8 590 қума метрді құрайды, оның ішінде қазіргі уақытта 1 160 қ. метрі (5 ұңғыма) орындалды.

Учаскеде жер қойнауын пайдалану құқығы «Тау-Кен Самұрық» компаниясының 100% еншілес ұйымы ‒ «Ақмолит» ЖШС-ға тиесілі. Бұрғылау жұмыстарын «Қазгеология» АҚ-ның бөлімшесі ‒ «Kazgeology Drilling» ЖШС орындайды. Бұл 2024 жылы құрылған және геологиялық барлау бұрғылауы саласында құзыреттері бар мамандандырылған сервистік компания.

Бұдан былайғы жұмыстар минералдық ресурстардың санатын арттыруға және 2027 жылдың соңында жаңартылған Минералдық ресурстар мен Минералдық қорларды Мемлекеттік теңгерімге қоюға дайындауға бағытталатын болады.

Жосыбай жобасын іске асыру «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ минералды-шикізат базасын ұлғайту және компанияның ресурстық портфелінің тұрақтылығын нығайту жөніндегі стратегиясына сәйкес келеді.

Анықтама: Жосыбай кен орны Қарағанды облысының Шет ауданында орналасқан. Ең жақын елді мекен ‒ Жарылғап батыр ауылы (21 км). Ең жақын Ақадыр теміржол станциясына дейінгі қашықтық ‒ 130 км.